«Қоғамдық келісім» КММ
Атырау облысы әкімі аппараты
  Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Қайырымдылық жылы жүректен шығады

Адамдықты биік ұстанып, жылулықты сезінген жан баласының бәрі де қайырымды іс жасауға асығады. Адам баласының бойында осындай ізгі қасиетті арттыруға себеп болған «30 игі іс» қайырымдылық марафоны Достық үйінде жалғасын тауып, Атырау облысы ҚХА өкілдері қаламыздағы аз қамтылған біршама отбасыға қайырлы қызмет көрсетті.

Исатай ауданының Құрметті азаматы, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев жыл сайын көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетуді дәстүрге айналдырған. Биыл да осы игілікті істі қолға алған бірлестік өкілдері аз қамтылған 48 отбасына азық-түлік, ет өнімдерімен қайырымдылық көмек берді.

Шара барысында Қазақстанда туып өскен Талдықорған өңірінің тумасы Зелимхан Зубариев барша қазақ елін 1 наурыз Алғыс айту күнімен құттықтап, Қазақ халқына Алғысын білдірді.

1969 жылы Атырау өңіріне қоныс аударған Зубариевтер әулеті бүгінде қазақ халқының төрт түлік малын ерекше қадірлеп, мал шаруашылығымен айналысып, қазақтың барлық жоралғысын ұстанып, қазақ бауырластарымен бір үйдің баласындай араласып отырған бақытты отбасылардың бірі.

Одан әрі қайырымдылық марафонын Атырау облысы Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы, ҚХА мүшесі Владимир Розметов жалғастырды. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға табиғи өнімдерден (ет өнімдері, сүт өнімдері, қаймақ, сүзбе, шырын сусындары т.б.) әрқайсысы 40 кг тартатын 40 дана азық-түлік қоржынымен қайырымдылық көмек көрсетсе, 15 дана азық-түлік қоржынын қаламыздағы христиандардың шіркеуіне жолдады.

Қайырлы іс жасау — адамдықтың белгісі деп санайтын ҚХА өкілі Владимир Розметов: «Биылғы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бастау алған осындай қайырымдылық акциялар адамның көңілін өсіреді. Өйткені мұқтаж адамдарға қамқорлықпен көңіл бөлу, жәрдемдесу — әр азаматтың парызы деп білемін. Сондықтан «Жаңғыру жолы» Жастар қозғалысының Еріктілері де бұл игі іске жұмыла атсалысып, әр отбасына барып, қайырлы іс атқарды. Көмекке мұқтаж жандарға қашан да көмектесуге дайынбыз», — деді.

Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұржан Ермұқанов та шара барысында қолдан шыққан қолөнер бұйымдарын (жылы бас киім түрлерін) таратып, қайырымдылық танытты.

25.02.2021
Қараулар: 1761